среда, 30 апреля 2014 г.

Асүйдегі тайм-менеджмент немесе көкөністерден дайындама жасаймыз




Қазіргі қарбалас заманда апта сайын базарға немесе гипермаркеттерге баруға уақыт табудың өзі қиын. Сондықтан алған азық-түліктің балғындығын сақтау және ас үйде уақытты үнемдеуге көмектесетін өзімнің кеңестеріммен бөліскім келіп отыр.



Базардан келгеннен кейін 1-2 сағатыңызды бөліп, дайындамалар жасап алып, ас үйде көп уақыт үнемдеуге болады. Бір қарағанда ойлайсың, осының барлығын бірден істеп, уақыт жұмсау соған тұра ма? - деп. Тұрады! Тұрғанда қалай))) Оған істеп қана толық қанды көз жеткізуге болады. Дүкеннен алған тамақтарыңызды реттеп, жуып, турайтынын турап, қатыратынын қатырып дайындап қойсаңыз, осы азық-түлігіңіз біткенше тамақ істерде тоңазытқышыңыздан дайындамаларды алып пісіре бересіз. Бір рет істеп көріңіз, қалай үйреніп алғаныңызды білмей қаласыз. Көп уақыт бойы өзім де талай естісем де, уақыт үнемдеуге болатынына аса сенбедім. Сөйтіп бір істеуге бел будым, әлі дайындамаларды жасап келем. Есесіне рационымызға әртүрлі тағамдар кірді (дайындалу қиындығына қарай). Әйтпесе бұрын уақыт жоқпен жүретінмін. Уақытым тек кеспе көже істеуге ғана жететін. Етті суға сала саласың, сорпасы піскенде дайын дүкеннің кеспесін саласың, тіпті уақытың артылып бара жатса, картоп пен пиязды да салып жібересің. Сөйтсем, бар қулық уақыттың бар-жоқтығы емес, оны тиімді пайдалануда екен.


Енді өзімнің сол дайындамаларды жасаудағы кеңестерімнің өзі:


Саңырауқұлақты сатып алғанда бірден барлығы желінбейтіні анық немесе әкелінген бетте қолданбауыңыз да мүмкін. Кейде оны алуын алып, пісірем дегенше ол саңырауқұлақ бұзыла бастап, қарайып та кетеді. Сондықтан оны сол күйінде бұзылмай сақталуы үшін қатырған жөн. Алдымен, саңырауқұлақтарды жақсылап жуып, құрғатамыз. Кепкеннен кейін, өзімізге ыңғайлы етіп барлығын тураймыз.

Туралған саңырауқұлақты мұздатқышқа пергамент қағазының үстіне саламыз (әйтпесе жабысып қалады). Жайып жеке-жеке қатырған дұрысырақ болады. Мұздатқышқа қойғаннан кейін 15-20 минуттан кейін араластырып жіберу керек. Бір-біріне жабыспай жақсы қатады. Оған мұздатқыштың тез мұздатуға арналған ең үстіңгі тартпасы өте ыңғайлы. Ондай тартпасы болмаса кез-келген бос  тартпасына қатыра бересіз. Ал олай жайып қоюға да орын болмаса бірден мөлшерімен үлестерге бөліп, жеке пакеттерге салып қатыра береміз. Бұның бір кемшілігі бар, әрбір пакеттегі үлес бір кесек түйір болып қатып қалады.




Жақсылап қатқаннан кейін пластикалық контейнерге немесе пакетке салып қоямыз. Керегінше алып, тамақ пісіргенде сала бересіз.




Осымен, үй жағдайында мұздатылған саңырауқұлақ дайын. Бірден барлығын жуып, қатырып қойған уақытыңызды да үнемдейді.

Брокколи және гүлді қырыққабатты да дәл солай қатырамыз. Әсіресе брокколиді бірден қатыруға асығыңыз. Өйткені тоңазытқышта 2-3 күн тұрғанның өзінде сап-сары болып гүлденіп кетеді. Ал оны, әрине, жасыл күйінде жеу керек.
Брокколи және гүлді қырыққабатты жақсылап жуып, кептіреміз. Кепкеннен кейін шоғырларын бөліп, бірден пакетке немесе контейнерлерге салып катыра береміз. Ол қатқанда аса жабыспайды, жабысқанның өзінде бір-бірінен жеңіл алынады. Брокколи мен гүлді қырыққабатты булап (бланшировать) қатырсаңыз да болады.



Болгар бұрышы. Болгар бұрышын да, жақсылап жуып, кептіріп, турап, мұздатқышта қатырамыз.


Сәбізді де дәл солай, турап, қатырамыз. Қатқаннан кейін пакетке салып қоямыз.





Қысқаша осылай....
Сонда тамақ істер алдында әрнәрсені жуып, аршып, турап жатпайсыз, қолыңыз бос кезде ертерек істеп қойсаңыз.
Жалғасы - Асүйдегі тайм-менеджмент. Аскөк.

Бұл тақырып алда әлі жалғасын табады!!!



Оқи отырыңыз:

Сәбізді торт
Жульен бәліші

4 комментария:

  1. Я в шоке) Сарымсак тоже можно катруга?

    ОтветитьУдалить
    Ответы
    1. Жоқ, әрине. Сарымсақты қатырмайды. Мен олай деп жазған жоқпын ғой)))

      Удалить
  2. Пияз,сарымсак,картошка болмайды гой сонда катыруга?

    ОтветитьУдалить