пятница, 23 мая 2014 г.

Өзгеше панировкадағы тіл үйірер наггетс



Наггетс дегеніміз - тауық етінің пеште піскен тілімдері. Өте тез дайындалатын тағамдардың бірі. Панировкасын өзгеше дегенім тегін емес, өйткені үйреншікті панировка кептірілген нан ұнтағынан жасалады. Ал мұнда мүлдем бөлек... 
Негізі наггетс(ағылшынның «nuggets» сөзінен алынған, қазақша аудармасы – кесек, тілім дегенді білдіреді)- фаст-фудтың бір түрі ғой, бірақ біз үй жағдайында жасап көрейік. Кафелердегідей майға қуырмай, пешке пісіреміз, сондықтан қолдан жасаған наггетсіміз зиян болмайды. Сыртындағы панировкасының арқасында майға қуырылғандай қытырлап өте дәмді болады. Көбіне наггетсті тауықтың төс етінен дайындайды. 
Панировкасының өзгешелігі - үгітілген тұзды печенье мен пармезан ірімшігінен жасалады. 
Тауықтың төсінен алынған сүбе еті құрғақтау болып келеді, сондықтан дастарханға тұздығымен бірге ұсынған жөн. Кез-келген жасқсы көретін соусыңызды жасай бересіз. Ең оңай әрі дәмділерінің бірі - қаймақ пен сарымсақ. Күнделікті қолда бар тағамдардан жасалады.
Наггетске қоса классикалық француз тұздығы – тартарды жасаймыз. Негізі тартарды балық тағамдарына ұсынады деп жатады, бірақ азспаздықта қатып қалған ереже жоқ деп ойлаймын. Сондықтан, бүгін тартар тұздығымен жасап көрейік.

Кеңес: Пармезан ірімшігін алған кезде, бумасында «Parmigiano-Reggiano» және D.O.P. жазуларына мән беріңіз, ондай белгілері болмаса, ол пармезан емес, тек оған ұқсас арзан ірімшік түрлері болуы мүмкін.

Тауық етінен жасалған наггетстің құрамы:


Тауықтың сүбе еті - 300-400 гр. (2 кесек төс еті)
Тәтті емес печенье (тұзды болады) - 50гр.
Пармезан ірімшігі - 50 гр.
Жұмыртқа

Дайындалуы:


Тауықтың төс етін ұзыншалап жалпақтау (шамамен 1 см) турап, тұздап қою керек.
Печеньені және пармезан ірімшігін блендермен ұсақтаймыз. 
Пештің табағына пергамент қағазын жайып дайындап қоямыз.

Тауық бөлшектерін жұмыртқаға малып, панировкаға жақсылап аунатамыз. Пергамент қағазына саламыз.


Пешке 180°С-та 15-20 минутқа қоямыз. Бақылап отырыңыз, қатты қазарып кетсе, кеуіп, дәмі күйік татып кетеді.
Тартар тұздығын осы рецептпен дайындайсыз.


Астарыңыз дәмді болсын!



Тауық етінен жасалған басқа да тағамдар:

3 комментария:

  1. Бұған крекер жарай ма екен?

    ОтветитьУдалить
    Ответы
    1. Иә, кез-келген тәтті емес печенье. Бірақ кейбір крекерлер тәтті болмаса да, аздап ванильді болады. Ондай болмағаны дұрыс сияқты. Қайткенмен, ваниль етпен үйлеспейді...

      Удалить
  2. Маған ұнады, өте дәмді, жеңіл және тойымды тамақ

    ОтветитьУдалить