Етті бәліштер тақырыбының жалғасы… Бірақ бүгін тауық етінен жасалған бәліш, қамыры да мүлдем бөлек. Өте тойымды, әрі дәмді бәліштің құрамы мен дайындалу жолымен таныстырайын. |
Құрамы:
- Қамырына:
- Сүт — 1 стақан
- Ашытқы — 1,5 шай қасық
- Қант, тұз — 0,5 шай қасық
- Сары май — 200 гр.
- Ұн — 2 стақан
- Тауықтың сүбе еті — 400 гр.
- Пияз — 1 дана
- Картоп — 4-5 дана
- Тұз, бұрыш
Дайындалу тәсілі:
Алдымен қамырын дайындаймыз. Ол үшін жылы сүтке қант пен түзды араластырып, ашытқы салып, 10-15 минутқа ашытқы ерігенше және біраз көтерілгенше қойып қоямыз. 1,5 стақан ұнға жылы майды салып, қолмен жақсылап илеп жібереміз.
Май мен ұн ұнтақ тәріздес болып, біркелкі араласқанда ашытқыны құямыз. Жұмсақ қамыр илейміз, қамыр қатты жабысып жатса, қалған 0,5 стақан ұнды аздап салып отырамыз. Жылы жерге бетін жауып көтерілгенше қоямыз.
Салмасын дайындаймыз. Картопты жұқалап тураймыз.
Тауықтың етін және пиязды ұсақтап турап, тұз, бұрыш саламыз.
Қамырды екі бөлікке бөлеміз (біреуі үлкенірек). Үлкенірегін жаямыз да, үстіне тауықтың етін, оның үстіне картопты жайып шығамыз. Картоптың үстіне де тұз себеміз.
Екінші қамырды жаып, үстін жабамыз. Бірнеше жерден үстіңгі қамырды тесеміз. Сонда буы шығып, іші сорпаға толып кетпейді. Үсті піскенде әдемі жылтырап тұру үшін жұмыртқа жағамыз. 180°С-ты қызған пешке 40-45 минутқа қоямыз.
Осымен бәлішіміз дайын.
Salem. Maydi kalay eritu kerek otta ma alde bolme temperaturasnda ma? Aldn ala rahmet...
ОтветитьУдалитьСәлем. Майды отта ерітіп керек емес, бөлме температурасындағы жұмсақтау май жарайды. Ал май сәл қаттырақ десеңіз, майды ұнға малып отырып үккіштен өткізуге болады. Наполеон тортының дайындалуында бар http://www.gourmania.kz/2014/06/blog-post_2.html.
УдалитьНемесе шағын толқынды пеште де жылытып алуға болады.
Май қатты ерігенде тортасы айырылып кетеді де, қышқыл дәм беруі мүмкін қамырға, сондықтан жай ғана жылытамыз.