четверг, 29 мая 2014 г.

Ашыған көже және ашыған бауырсақ

Ашыған көже және бауырсақ

Gourmania блогында осы уақытқа дейін өзіміздің ұлттық тағамдар болмапты. Сол олқылықтық орнын толтыру үшін сіздерге ашыған көже мен бауырсақтың жасалуын ұсынғым келіп отыр.
"Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте" дегендей, әлем халықтарының асханысымен танысып, әр елдің тағамдарын дайындасақ та, қазақтың ұлттық тағамдарын ұмытпай, күнделікті жасап жүргеніміз жөн болады.
Күнделікті ет асып жатпасымыз анық, бірақ ашыған көжені күнде ішіп тұратындай әдет қалыптастырған жақсы. Біріншіден, ұлттық тағамдарымызды ұмытпай, насихаттасақ, екіншісі - бірден бір пайдалы сүтті-қышқылды сусын.
Бір екі-күнде жаз да келеді. Онымен ыстық күндер де алда. Жаздың ыстығында көбі ыстық, ауыр тағамдарды ішкісі келмейді, көбіміз жеңіл тамақ іздейміз. Бұл жағдайда ашыған көже таптырмайтын тағам/сусын. Ашыған көже шөліңізді де басады, қарныңызды да тойдырады. 
Әр қыз-келіншектеріміздің, апа-әжелеріміздің ұлттық тағамдарды жасаудың өз құпиялары, кеңестері бар. Ал мен өзім жасайтын ашыған көженің жасалу жолымен бөлісейін деп едім.
Күнделікті жасағанда барлығы көз мөлшермен жасайтынмын. Бірақ, осы жолы оқырмандарыммен бөлісу үшін барлығын өлшеп жасадым )) 

Ашыған көженің құрамы:

  • Арпа - 1/2 стақан (сұйықтау болсын десеңіз 1/3 стақан) немесе күріш
  • Тұз - 1 шай қасық (толтырып)
  • Айран - 1,5 стақан
  • Сүт - 2 литр
Жарты стақан арпаны жақсылап жуып, 1 түнге (ең болмағанда 1-2 сағатқа) суық суға салып қоямыз. Сонда тез піседі. Екінші күні 1 литр суға 40-45 минуттай пісіреміз.

1/2 стақан арпа
Бөрткен арпа
Піскен арпа


Үлкенірек ыдысқа 2 литр сүтті, ыстық піскен арпаны (суымен қоса) құямыз. Сүт бөлме температурасында болса жақсы, бірден айран құйып ашыта береміз. Сондықтан сүт суық болса, біраз жылытып алу керек. Енді арпасы бар жылы сүтке айран құямыз да, бетін жауып қоямыз. Жазда ашыған көже тез ашиды. Таңертең қойсаңыз кешке дайын немесе кешке қойсаңыз таңертең дайын болады.
Қышқылдығын өзіңіз реттеп отырасыз. Ашыған көже қатты қышқыл болмасын дейсеңіз сүт ұйығаннан кейін бірден тоңазытқышқа қою керек, әйтпесе солай жылы жерде тұра берсе аши береді.

Ашыған бауырсақ.

Негізі бауырсақтың бірнеше түрі бар. Мысалы, ашыған бауырсақ, ши бауырсақ, жұмыртқа бауырсақ, т.б. Ал ең көп таралғаны осы ашыған бауырсақ. Ашыған бауырсақ деп аталатын себебі, бұл бауырсақ түрі ашытқымен ашыған қамырдан жасалады. Бұнда да барлығы көз мөлшермен болатын.

Ашыған бауырсақтың құрамы:

  • Ұн - 2 стақан
  • Ашытқы - 1 шай қасық
  • Сұйық май - 4-5 ас қасық
  • Тұз - 1/2 шай қасық
  • Қант - 1/2 шай қасық
300 мл жылы суға қант, тұз және ашытқыны араластырып, ашытқы көтерілгенше 5-10 минутқа қойып қоямыз. Еленген ұнға ашытқысы бар суды (алдымен 200 мл.) және сұйық майды құйып қамыр илей бастаймыз. Қалған суды аздап құйып отырамыз, ал аз болса тағы да аздап құя береміз. Солай қамырымыз жұмсақ болып шығу керек. Аздап қолға жабысуы мүмкін. Бетін жауып, жылы жерге 1-1,5 сағатқа қоямыз. Бір рет илеп жібереміз де, тағы да 30 минутқа қоямыз. Жарты сағаттан кейін бауырсағымызды майға пісіре береміз.
Ашыған бауырсақтытың пішінін әртүрлі істеп жатады. Менің әдісім былай: жақсылап көтерілген қамырды шұжық тәріздес есеміз, де 2-3 см қалыңдықта кесіп шығып, орамалға немесе ұн себілген дастарханға тізіп қоямыз. Барлығын кесіп шыққанша алдыңғылары тағы да біраз көтерілі, пішіндері дұрыстала бастайды. Бірден пісіре береміз.
Тағы бір әдіс: Қамырдан бір дөңгелек жайып, стақанмен кесіп шығу. Бірақ мұнда қалдықтар қалады, қалдықтарынан қайта жасау керек. Сол себепті мағанн жоғарыда айтып кеткен тәсіл ұнайды.
Төртбұрыштап кесілген бауырсақ: Көбіне төртбұрыштап жасайды. Алдында айтып кеткендей дөңгелектеп жайылған қамырды жалпақтығы 3-4 см сызықшалар сияқты кесіп, кейін әр сызықты сәл көлденең етіп, ромб тәріздес кеземіз.

Ашыған көже және бауырсақ
Ашыған көже және бауырсақ

Ашыған көже және бауырсақ
Ашыған көже және бауырсақ

Астарыңыз дәмді болсын!




Оқи отырыңыздар:

Ұлттық тағам - Үлпершек
Брауни
Ұлттық тағам - Түймеш

4 комментария:

  1. Бұл рецепт бойынша бауырсақ өте дəмді шығыпты..қолыңыз дерт көрмесін!;)

    ОтветитьУдалить
    Ответы
    1. Көп рахмет, Фейсбукта https://www.facebook.com/gourmaniakz салған суретіңізді көрдім. Керемет шығыпты сіздікі)

      Удалить
  2. Машаллах !!! Керемет! Бала кезимизде коп жейтин едик кызылордада. Сиз сол жактан емессиз ба?

    ОтветитьУдалить
    Ответы
    1. Рахмет. Иә, осы ашыған көжемен өстік қой)) Ауылға барғанда апамыз бір шелек ашытып қоятын, күн ыстықта ойнап-ойнап, үйге келіп рахаттанып ішетінбіз. Жоқ, Қызылордадан емеспін.

      Удалить