среда, 25 июня 2014 г.

Апайымның кішігірім оранжереясы


Бүгінгі тақырып ерекше, аспаздықтан алшақ. Дегенмен гүлдерді жақсы көрмейтін нәзік жандылар жоқ шығар деп, бөлме гүлдері туралы жазайын деген ой келді.
Негізі осы постты жазудың бір себебі бар. Апайым Алматыға біліктілігін жетілдіру курсына, одан кейін бірден демалысқа кетерде, гүлдері қараусыз қалып, солып қалмасын деп, маған қалдырып кеткен болатын. Былайша айтқанда, гүлдеріңіз аман-есен деп, есеп беруім болып отыр)) Сол себепті осы постты суреттердегі гүлдердей сұлу апайыма арнап отырмын.

Әр гүл туралы толық биологиялық сипаттама қажет емес деп ойлаймын, тек әр гүлдің күту ерекшеліктеріне тоқтала кетейін.



Бүл гүлдің атауы спатифиллум (халық арасындағы атауы - әйел бақыты). Жалпы гүлдер гүлдейтін және декоративті-жапырақты болып бөлінеді. Спатифиллум гүлдейтін түріне жатады. Гүлдері аққанат (каллы) гүліне ұқсайды. Менің "қолымда" болғалы әлі гүлдеген жоқ, бірақ жиі гүлдеп тұратын. Өте әдемі гүл, жапырақтары өте жұқа,

нәзік келеді. 
Күтіміне келетін болсақ... Көп күтімді қажет етпейтін гүлдерге жатады деп айтады, бірақ өз басым осы гүлді бір өсіре алмай қойдым. Бірде жақсы өсіп келе жатады, бірде өспей қалады. Бірақ апайымның гүлін аман-есен өсіріп келем. Солып қалса не дұрыс өспей қалса, ол кісі таяқты жегізеді))) Сондықтан бар күшімді салып жатырмын, күнделікті мұқият бақылап. Спатифиллумға күн көзі тура түспейтін, сәл көлеңкелеу жаққа қою керек, бірақ қараңғы болмау керек. Бөлмеде ыстық, әрі ауасы құрғақ болса, пульверизатормен су шашып отыру керек. Топырақта ылғалдылық орташа болу керек. Ең бастысы суды көп құймау керек, әйтпесе жапырақтарының ұштары қарайып кетеді, ол тамырының шіріп кеткенінің белгісі. Одан да аз құйып отырған жақсы, "шөлдегенін" өзі білдіреді. Жапырақтары жан-жаққа құлап, солып қалады. Бірден су құйсаңыз бірер минутта жапырақтары қайта көтеріледі. Сондай бір ерекше гүл. Тағы бір ерекшелігі - бөлме ауасын жақсы тазартады, сондықтан ұйықтайын бөлмеге қойған абзал. Жатын бөлмедегі, төсектің басындағы сөре - спатифиллумға ең жақсы жер болып табылады.
Спатифиллумның тағы бір "жақсы көрмейтіні" - өтпе жел (скозняк), сондықтан ашық тұратын терезенің алдына қоймау керек. 
Көбеюі: Көп болып өсіп кетсе, гүлді жақындарыңызға бөліп беруге болады. Көбеюі оңай, үлкенірек ыдысқа қайта отырғызғанда, тамырларынан бөліп алып, бірден басқа топыраққа сала бересіз. Суға салып қоймайсыз.


Бұл гүлдің аты - драцена. Атауы айдаһардың (дракон) аналығы дегенді білдіреді. Драценаның бұл түрі - Маргината немесе жиекті каймленная) сұрыпты.
Декоративті-жапырақты гүл, яғни гүлдемейді. Пальма ағашы сияқты өте әдемі көрінеді. Биіктігі 1,5 м-ге дейін өседі. Қонақ бөлмесінде өте әдемі көрінеді. Биіктігі үлкендерін, жерге қойып қойсаңыз, бөлменің сәнін келтіреді.
Бөлменің жарық жағына, бірақ тура күн сәулелері түспейтін жақта қойған жөн. Топырақтағы ылғалдылық - орташа. Спатифиллум сияқты көп құйғаннан, аз құйған жақсы. Суы көп құйылса, тамыры шіріп кетеді. Ал тамыры шіріген гүлді лақтырғаннан басқа амалы жоқ, қалпына келтірілмейді.
Бұл гүлдің де ауа тазарту қасиеті бар, бірақ спатифиллумға қарағанда оттегін бөлу жылдамдығы төмендеу.
Көбейтуі қиындау келеді. Ол үшін өсіп тұрған бір сабағын кесіп алып, тамыры шыққанша суға малып қояды. Сондықтан, тағы бір драцена өсіргініз келсе, ескісін бүлдірмей-ақ жаңасын сатып алған жақсы.
Жалпы, драцена ештемеден қорықпайтын гүл деуге болады, тіпті "балалардан қорықпайды"))) Анам да өсіреді осы гүлді. Балаларымды алып, ата-анама демалысқа барғанда, балаларым жерде тұрған драценаның үстіне отырды ма керек, жапырақтарын жұлды ма керек, түгін қалдырмады. Содан әлгі драцена өлетін шығар деп ойлағам, бірақ 1-2 апта өткеннен кейін әлгі драцена түк болмағандай өсіп кетті.
Көп күтім қажет етпейтіні анық.

Бұл гүл мен үшін жаңалық. Былтыр апайым Теміртауға барғанда, жеңгемнен кішкентай ғана өсінді (отросток), алып келіпті. Сонда бірінші рет көрдім осындай гүлді. Бір жылға жетпей көп-көрім гүл болып, өсіп шыға келді.
Гүлдің атауы - рео немесе рэо. Традесканция гүлінің туысқаны болып келеді. Гүлдейтін бөлме өсімдігі болып табылады.
Жарық бөлмеде, бірақ күн сәулесі труа түспейтін жерде қою керек. Қараңғы жерде тұрса, жапырақтары сиреп кетеді.
Рео - ылғалдылықты жақсы көретін гүл. Сондықтан топырақ үнемі ылғалды болып тұру керек (әсіресе жазда), жапырақтарына да су сепкен абзал.
Қалың болып өссін десеңіз, бір ыдысқа гүлдің бірнешеуін бірақ егу керек немесе қажетті биіктікке жеткенде, жоғарғы жағын қиып тастайсыз, сонда жан-жағындағы жапырақтары көбейеді.
Бұл гүл де күтімда аса қажет етпейді және зиянды жәндітердің түсуінен "қорықпайтын" гүлдер қатарына жатады.


P.S.: Әр суреттің үстінен шертіп, гүлдерді үлкейтіп көре аласыздар.


Сіздерге бөлме гүлдері туралы жазба қызықты болса, келесі жолы өзімнің гүлдерім туралы жазайын. Пікір қалдыруларыңызды сұраймын.

Қызықты айдарынан басқа да жазбаларды оқи отырыңыздар:

5 комментариев:

  1. Енди озимнин гулдерим ушин уайымдамаймын!

    ОтветитьУдалить
  2. Оте керемет! Рахмет!

    ОтветитьУдалить
  3. Менің де көршім маған Алматыға барамыз деп гүлдерін тастап кеткен болатын, ол келгенше күтіп баптадым, бірақ аттарын сұрамаппын, бір гүлі "тентектеу" болды, баптауға әзер көнді, жапырақтарын қуратып, сарғайтып алдым оны. Ақыры үйлеріне кетті иесі келіп)

    ОтветитьУдалить
    Ответы
    1. Сол біреудің аманат етіп қалдырып кеткен гүлін баптау қиын. Рео гулінің бір жапырағын балам жұлып тастапды)) Ал әйел бақыты гүлінің жапырағы сәл сиреп қалды.
      Бірақ апайым ренжимеген сияқты ;)

      Удалить
  4. Тамаша екен. Осындай малиметтеринди салсан типтен керемет болар еди.

    ОтветитьУдалить