понедельник, 9 июня 2014 г.

Рататуй


Бүгінгі мәзірде Францияның Прованс аймағы асханасының тағамы - рататуй. Көбіміз осы рататуй тағамының бар екенін Рататуй мультфильмі шыққанан кейін бірақ білдік. Мультфильм қандай жарқын және көркем болса, тағамы да дәл сондай)))
Сонымен рататуй тағамын дайындайық...

Көкөністер маусымында қандай пайдалы, әрі жеңіл тамақ істесем екен деп ойланып жүрсеңіз, рататуй дәл сіз үшін. Дәруменді көкөністерге бай, жаздық дастарханның көркін ашатын тағам. Суреттерге қарағанда жасалуы күрделі болып көрінуі мүмкін, біраз уақыт алғанымен дайындалуы өте оңай.

Өзімнен бірер кеңес:
  • Көбі күнзе (кинза) шөбінің дәмін аса ұната бермейді, оның орнына өзіңіз ұнататын кез-келген жасыл шөпті қолдануға болады.
  • Көкөністер тізімін де талғамыңызға қарай немесе қолда бар тағамдарға қарай өзгертіп, жасай бересіз.

Құрамы:


Рататуй тұздығына (негізгі тұздық):
  • Пияз - 1 дана
  • Сәбіз - 2 дана
  • Балдыркөк (сельдерей) - 2 сабақ
  • Болгар немесе тәтті бұрыш - 2 дана
  • Чили бұрышы - 1 дана
  • Қызанақ - 4 дана
  • Сарымсақ - 2 түйір
  • Күнзе/ақжелкен - 1 ас қасық
  • Насыбайгүл (базилик) - 5-6 жапырақ
  • Сары май, зәйтүн майы - 1 ас қасықтан
  • Тұз, бұрыш, прованс шөптері
Негізгі көкөністер:
  • Кәді - 1 дана
  • Баялды -1 дана
  • Цуккини - 1 дана
  • Қызанақ - 2-3 дана
Үстіне құятын тұздығына:
  • Зәйтүн майы - 2-3 ас қасық
  • Сарымсақ - 1 түйір
  • Күнзе/ақжелкен - 1 ас қасық
  • Тұз, бұрыш

Рататуй тағамының дайындалу тәсілі:

Негізгі тұздыққа берілген көкөністердің барлығын (қызанақтын басқа) ұсақтап тураймыз. 
Қызанақтың қабығына терең қылмай айқастырып тілім жасаймыз. Қызанаққа жаңа қайнаған су құямыз немесе ыстық суға салып қоямыз 1-2 минутқа. Біраз уақыттан кейін суретте көрсетілгендей қабығы оңай аршылады.
Сары май және зәйтүн майын табаға қыздырамыз. Қызып тұрған табаға пияз, сәбіз, бұрыш және балдыркөкті салып қуырамыз. Жұмсарып сәл қуырылғаннан кейін сарымсақ және күнзе/ақжелкенді саламыз.
Көкөнісімізге прованс шөптерін қосамыз.
Үстіне қабығы аршылған және туралған қызанақты саламыз. 10-15 минуттай араластырып отырамыз. Қызанақтың сөлі азайып, көкөністер жұмсару керек.
Табаның астындағы отты өшіреміз. Насыбайгүл шөптерін саламыз.
Піскен көкөністерді блендермен майдалаймыз.
Ұсақталған тұздықты формаға тегістеп саламыз.
Кәді, баялды, цуккини және қызанақты дөңгелектеп жұқалап тураймыз.
Дөңгелектеп туралған көкөністерді майдаланған тұздық үстіне кезктеп саламыз.
Туралған көкөністер қалыпты толық жапқаннан кейін, үстіне тұз себеміз.
Жоғарыда тағамдар тізімінде "Үстіне құйылатын тұздық" тізіміндегі сарымсақпен күнзені/ақжелкенді турап, зәйтүн майымен араластырамыз да, көкөністердің үстіне құямыз.
Қалыпты фольгамен жабамыз. 140°С-та 3 сағат пісіреміз.
3 сағат өткеннен кейін бетіндегі фольгасын ашып, 180°С-та 30-40 минут пісіреміз. 

Осымен тағамымыз дайын. Бұл тағамды ыстық күйінде де, салқын күйінде де ұсына беруге болады.



Астарыңыз дәмді болсын!



Gourmania блогында берілген Франция асханасының басқа да мәзірлері:

Комментариев нет:

Отправить комментарий