вторник, 17 июня 2014 г.

Шие қосылған маффин


Жидектердің маусымын өткізіп алмай, шие қосылған маффин жасайық.

Маффин деген кекс пе?

Бізде маффиннің танылып келе жатқанына көп уақыт болған жоқ, бірақ мұндай тәтті пісірмені бұрын білмедік деуге келмейді, әрине. Маффин біз білетін кекске ұқсайды. Бұл жерде кекстің тек кішкентай дөңгелек түрі туралы айтылып тұр, өткені кекстің де әртүрлі пішінділері болады. Кекс тек қана тәтті болса, маффиннің көкөніс (асқабақ, кәді, сәбіз, т.б.) немес ірімшік қосылған тәтті емес түрлері бар. Кекстен тағы бір айырмашылығы, қамырында. Яғние илену әдісінде. Маффинде құрғақ компоненттер бір бөлек, ылғалдылары бір бөлек салынып араластырылады. 
Бұл американдық маффин. Тағы бір түрі ағылшындық маффин, бірақ оның пішіні бөлектеу болады. Ол да дөңгелек, бірақ жалпақ болып келеді және арнайы кекс пісіретін қалыпта емес, дөңгелек сақиналарға құйылып пеште пісіріледі.
Шие қосылған маффин тек бір нұсқасы, сіздер басқа да жидектер немесе жемістер салып, істеп көрулеріңізге болады. Мұздатылған жидектермен де жасауға болады. Мұздатылған жидектермен істесеңіз оларды жібітпей, сол қатып тұрған күйінде сала бересіз. Жібіген кезде суы шығып, езіліп кетеді.
Мысалы, тағы бір нұсқасы, банан мен сүтті шоколад қосылған түрі де өте дәмді болады.
Бүгінгі маффиннің бетіне штрейзельден (тәтті ұнды ұнтақ) жасалған топпинг (ағылш. topping, top - үсті дегенді білдіреді.) себеміз. Оны пісер алдында себеміз, сонда піскен кезде түсі қызарып, жегенде қытырлап тұрады. 

Шие қосылған маффиннің құрамы:


Қамырына:

Құрғақ компоненттер:
  • Ұн - 2-2,5 стақан (360 гр),
  • Тұз - 1/4 шай қасық,
  • Қамыр қопсытқыш - 4 шай қасық.

Ылғалды компоненттер:
  • Сары май - 100 гр.,
  • Қант - 3/4 стақан (180 гр.),
  • Жұмыртқа - 2 дана, 
  • Сүт - 250 мл.
Топпинг:
  • Ұн - 1/4 стақан,
  • Қоңыр қант - 2 ас қасық,
  • Сары май - 25 гр.
Салмасына:
  • Қызыл шие (черешня) - 200 гр.

Маффиннің жасалу жолы:

Шиені жуып, кептіріп, сүйектерін алып, дайындап қоямыз.
Топпингті де дайындап аламыз.
Ұн, қант және сары майды біркелкі болғанша қолмен араластырамыз.
Құрғақ компоненттерді араластырамыз - ұн, тұз, қопсытқыш.
Жұмсақ сары май мен қантты миксермен араластырамыз. 2-3 минут.
Екі жұмыртқаны бір-біден саламыз, арасында біркелкі болғанша араластырамыз.
Енді осы қоспаның үстіне ұн мен сүтті кезекпен құямыз. Әрі қарай бізге миксер қажет емес.
Алдымен ұнның жартысын салып, қасықпен араластырамыз. 
Оның үстіне сүттің жартысын құямыз. Оны да араластырамыз.
Ұнның екінші жартысын тағы салып, араластырғаннан кейін, қалған сүтті құямыз.
Тым көп араластырудың қажеті жоқ, араласпай қалған кішігірім түйірлері қалса ештеңе етпейді.
Шиені саламыз.
Маффин пісіретін қалыпты дайындаймыз.
Маффинді балмұздақ салатын қасықпен салған өте ыңғайлы болады, шеттеріне төгілмей бірдей мөлшерде құйып отырасыз.
Ондай қасығыңыз болмаса, екі ас қасықпен де құюға болады. Біреуіне салып аласыз да, екіншісімен қалыпқа түсіресіз.
Қалыптарға толтырмай құямыз. Өйткені маффин піскенде көтеріледі.
Үстіне штрейзельді сеуіп, 190°С-та қызып тұрған пешке 20 минутқа қоямыз.
Берілген рецептен менде шамамен 20-30 маффин, көп десеңіз пропорциясын сақтай отырып тағамдарды азайтып істеңіз.

Маффинді дастарханға жылыдай болсын, суытып болсын ұсына беруге болады. Артылғанын тіпті мұздатқышта қатыруға болады. Асыққанда, әсіресе таңертеңгі шайға алып, жылытып, шаймен жеп аласыз))) Қатқан маффинді шағынтолқынды пеште немесе плитканың пешінде (духовка) жылытуға болады.

Шие қосылған маффин
Шие қосылған маффин

Шие қосылған маффин
Шие қосылған маффин

Астарыңыз дәмді болсын!


Оқи отырыңыз:

Денсаулыққа пайдалы гранола жасап көріңіз
Жаңғақты панировкадағы ешкі ірімшігі
Безе немесе меренга

Комментариев нет:

Отправить комментарий