понедельник, 2 июня 2014 г.

Наполеон торты

Наполеон тортын жақсы көрмейтін адам кем де кем. Бірақ сол торттың дайындалуын көбі қиын деп ойлайды. Ал шын мәнінде бұл тортты дайындау өте оңай.
Қонақтарыңызға пісірсеңіз, түні бойы пештің алдынан кетпей пісірген деп ойлайды)) Ешбір кондитерлік дүкеннің тортымен салыстыруға келмейді.  Оған қоса дүкеннің торттары арзан емес. Өзіңіз пісірген әлдеқайда арзан әрі дәмді шығады.
Көбі Наполеон тортына піскен крем (заварной крем) жасаған дұрыс деп жатады, бірақ сол піскен креммен жасағанда торт қамырлары суланып, жұмсарып кетеді. Сондықтан мен сары май мен қойылтылған сүттен жасадым. Дегенмен, піскен креммен жасап көремін десеңіз кремнің дайындалуы бар блогымда.


Құрамы: 

Қамырына:


  • Ұн – 2 стақан
  • Сары май (маргарин) – 200 гр.
  • Қаймақ – 100 гр.
  • Суық су – 1 ас қасық
  • Тұз – 1 шымшым.

Креміне:
  • Сары май – 100 гр.
  • Қойылтылған сүт – 200 гр.

Дайындалу жолы:


Ұнға біраз тұз салып араластырып жібереміз.
Тоңазытқыштан алынған майды ұнға малып отырып, үгкіштен өткіземіз (бір рет маламыз, бір рет үгітеміз, тағы маламыз, тағы бірден үгітеміз, т.с.с.). Сонда ұсақталған май бір-біріне жабысып қалмайды. Май өте жұмсақ болмау керек.  
Ұнды қоспаға қаймақты қосамыз. Қолмен қамыр илейміз, майлы кесектерді қатты езбеу керек, сонда қамырды жайған кезде қатпарлы болып тұрады. Соңында 1 ас қасық мұздай су құямыз. Тағы илейміз. Қамыр қолға жабыспақтау болады. Бірақ құрамында берілгеннен артық ұн қоспаңыз. Ол жеткілікті.
Қамырды 8 бөлікке (немесе 6  бөлікке, онда торттың диаметрі үлкендеу болады) бөліп, тоңазытқышқа жеке-жеке салып, қатырамыз. 
Қамырды кесектей қатырғанда  ұзақ қатады және біркелкі болмайды. Сырты қатты, іші жұмсақ болып қалады.
Сондықтан бөлінген қамырды 15-20 минутқа қойсаңыз да жеткілікті.
Қамырды бірдей диаметрде жұқа жайып пешке 180°С-та 15 минутқа қоямыз. Пешіңіздің конвекция функциясы болса, бірден екі табаға салып пісіре беруге болады. Ал конвекция болмаса, 8 қабатын пісіру ұзақ десеңіз, 6 қабаттан да өте жақсы шығады. Тек диаметрін үлкендеу жаясыз.
Үнемі бақылап отыру керек, өйткені тез қызарыпү күійп кетуі мүмкін. Сәл сарғыш не қоңырқай болса жеткілікті. Қызарып кетсе, күйген дәмі шығып тұрады.


Әр піскен қабатын тарелкамен шетін тегістеп кесіп аламыз. Онымен кейін шеттерін, үстін әсемдейміз. Ал шетін кескіңіз келмесе 7 қабат пісіріп, біреуін үгітіп әсемдей беруге болады.
Кремін жасау тіпті оңай. Бұл жерде сары май, керісінше, өте жұмсақ болу керек. Бірақ ерітпеңіз. Қойылтылған сүтпен араластырып, әр қабатына жағып, бетін әсемдейміз. Суретте менің ұсынған нұсқам, шеттері - бадам үлпектері, бетінде - торт ұнтағы мен туралған шоколад. Өзіңіз қиялыңызға және талғамыңызға қарай әсемдей бересіз.
Тортты бірнеше сағат (жақсысы, әрине, бір түнге қойсаңыз) тоңазытқышқа қойып алып, ұсынған жақсы, кремі сіңеді сол уақытта.
Тіптен асықсаңыз, дайын қатпарлы қамырдан да жасауға болады. Кремі дәл осылай қалады. Ол да дәмді шығады. Бірақ қолдан жасаған қамырға жетпейді, әрине. Дайын қатпарлы қамырдан жасалған тортты да міндетті түрде тоңазытқышқа қойып барып, ұсыну керек.






Астарыңыз дәмді болсын!


Оқи отырыңыз:

Безе немесе меренга
Цуккиниден жасалған дәмтатым
Жаңғақты панировкадағы ешкі ірімшігі
Ұлттық тағам - Сүр ет қуырдақ

2 комментария:

  1. Өте әдемі, дәмді торт, маған ұнады, рахмет кеңестерге

    ОтветитьУдалить
  2. Кеңесің!зге көп рахмет!міндетті түрде жасап көрем.

    ОтветитьУдалить