суббота, 21 июня 2014 г.

Болоньезе лазаньясы - нағыз жексенбілік түскі ас


Болоньезе лазаньясы

Лазанья - дәмді әрі өте тойымды итальян асханасының тамағы. Бүгінгі лазаньяның дайындалуын классикалық болоньезе тұздығымен ұсынып отырмын
Болоньезе тұздығы немесе рагу Италияның солтүстігінде орналасқан Болония аймағынан шыққан, ол тартылған ет, пияз, балдыркөк (сельдерей), сәбізден жасалады.
Болоньезе лазаньясының классикалық рецептерінде бешамель (май, ұн және сүтпен пісірілетін тұздық) тұздығымен жасалады, бірақ жұмысымызды сәл жеңілдету үшін, ол тұздықты қосқан жоқпын. Бірақ одан дәмділігі еш азайған жоқ.
Лазанья Италия асханасының тамағы болғандықтан, құрамындағы тағамдар да, дәмдеуіштер де сол асханаға тән. Мысалы, ірімшіктер - моцарелла (сарысудағы домалақ түрі емес, пісіруге арналған төртбұрышты қаттырақ түрі) және пармезан (пекоирно), дәмдеуіштерден - орегано, үйреншіті өсімдік (күнбағыс) майының орнына - зәйтүн майы. Бұл ингредиенттердің барлығы түпнұсқасына барынша жақын әзірлеу үшін, әрине. Бірақ моцарелла ірімшігін таппасаңыз, орнына сулугуни қосуға болады деп ойлаймын, жиі кездесетін ірімшіктердің ішіндегісінен соған ұқсайды. Ал пармезанның орнына басқа қатты сұрыпты ірімшік сала бересіз.
Лазаньяға арналған пастаға келетін болсақ, қораптағы нұсқаулықты мұқият оқыңыз. Өйткені кейбір түрлері пісіруді қажет етпейді, сол құрғақ күйінде жасай бересіз. Уақытты үнемдейді, өте ыңғайлы. Ал көбіне кездесетін түрлері алдын ала пісірап алатын, әдетте, оларды шала пісіріп алады. Піскен пасталарды мұздай суға салып қояды. Сол пісіру уақытында мұқият ұстаныңыз, өйткені қатты пісіріп жіберсеңіз дайын лазанья формасын ұстамай, былжырап қалады. Лазаньяға арналған пастаның орына жайманы да қолдана беруге болады. Төртбұрышты формаңыз болмаса да, лазанья жасаудың амалын табуға болады. Жайманы домалақ формаңызға сәйкестендіріп қолдан жасайсыз. Сонда сізде домалақ лазанья болады, төтрбұрышты қалыпты алмай тұрып, мен домалақ лазанья жасайтынмын. Пішіні бөлек болғанымен, дәмі еш ерекшеленбейді, әрине))
Мендегі форманың көлемі - 25*25 см.


Лазаньяның құрамы және жасалу жолы:


  • Сиырдың тартылған еті - 600-700 гр.,
  • Пияз - 1 дана,
  • Сәбіз - 1 дана,
  • Қызанақ - 3 дана,
  • Балдыркөк (сельдерей) - 1 сабақ,
  • Лазанья пастасы - 6 жапырақ,
  • Моцарелла ірімшігі - 400 гр.,
  • Пармезан ірімшігі - 30-40 гр.,
  • Зәйтүн майы - 23 ас қасық,
  • Томат пастасы - 1 шай қасық,
  • Тұз, орегано кептірілген шөбі.
Табада майды қыздырып, тартылған етті саламыз.
Қызанақтан басқа көкністерді ұсақтап тураймыз. Қызанақты блендермен майдаламыз.
Фарш суы құрғағанда, сәбіз, пияз және балдыркөкті саламыз.
Көкөністерді қуырамыз, үстіне майдаланған қызанақты құямыз. Табаның қақпағын жаппай 10-15 минут пісіреміз. Қатты құрғатпаймыз, өйткені лазанья пасталары құрғақ/шала піскен.
Түсы одан да қанық болу үшін, бірақ томат пастасын саламыз.
Моцарелланы үккіштен өткіземіз.
Қалыптың астына аздап болоньезе тұздығын саламыз. Үстіне лазанья пастасын
Пастаның үстіне тұздық, оның үстіне моцарелла ірімшігі.
Тұздық біткенше солай жалғастырамыз.
180°С-та 20 минутқа қоямыз. Піскен лазаньяны дастарханға ұсынуға асыпаңыз, ыстық күйінде езіліп, жақсы кесілмейді. Пештен шығарамыз, беті кеуіп қалмай және біркелкі суу үшін бетін фольгамен жауып, 20 минутқа қоясыз.
Дастарханға ұсынар алдында үстіне үгітілген пармезан себеміз.

Дастархан басына жиналуға асығыңыздар, өте дәмді болоньезе лазаньясы дайын!

Жалпы лазанья жоғары калориялы тағам болғандықтан көкөністі салатпен ұсынған жөн.

Болоньезе лазаньясы
Болоньезе лазаньясы

Болоньезе лазаньясы
Болоньезе лазаньясы

Астарыңыз дәмді болсын!



Оқи отырыңыз:

Рататуй
Ірімшікті бәліш
Ұлттық тағам - Қуыс құлақ

Комментариев нет:

Отправить комментарий