четверг, 19 июня 2014 г.

Құлпынай қосылған тарт


Gourmania аспаздық блогында жидектер тақырыбы жалғасуда. Алдында осы тақырыпта Шие қосылған маффин жасаған болатынбыз.
Қайда барсаң иісі аңқып тұрған құлпынай сатып тұрады жазда, оны алмай кетудің өзі бір ағаттық болар) Сондықтан құлпынай сатып алыңыз да, тарттың рецептін әрі қарай оқыңыз. 

Тарт па, әлде торт па?

Тарттың тортқа еш қатысы жоқ, екеуі де тәтті пісірме болғанын есепке алмаса. Тарт (фр. tarte) франция асханасына тән, беті ашық бәліш. Тарт үгілгіш (песочное) немесе туралған (рубленое) қамырдан  жасалады, салмасы тәтті немесе көкөніс, ет, балық қосылған тәтті емес түрлері де болады. Кішкентай қалыптарда (формочки) жасалған түрлері тарталетка деп аталады. Бізге тарталетка сөзі үйреншікті, сондықтан тарт дегеніміз үлкен тарталетка деп сипаттауға да болады.
Жалпы тарт киш-ке ұқсайды. Киштің айырмашылығы - салмасының үстіне сүт, жұмыртқа, ірімшік қосылған қоспа құйылады. Блогымызда Көкөністі киш жасаған болатынбыз. 
Тарттың үстіне піскен крем құямыз. Ондай крем туралы алдында жазып кеткен едім - Классикалық патисьер. Тура сол рецепт бойынша жасай бересіз, бірақ тағамдарды екі есе азайтып аламыз. Оны төмендегі тізімде келтіріп кетемін.
Соның үстіне бірақ құлпынай саламыз. Кремді алдын ала пісіріп алған жөн, суып тұрады сонда.

Құлпынайлы тарттың құрамы:

  • Сары май - 120 гр.,
  • Қант - 1/2 стақан,
  • Жұмыртқаның сарысы - 2 дана,
  • Ұн - 2-2,5 стақан,
  • Қамыр қопсытқыш - 1 шай қасық.

Крем патисьер үшін (піскен крем):
  • Сүт - 200 мл,
  • Қант - 2-3 ас қасық,
  • Жұмыртқаның сарысы - 2 дана
  • Ұн - 1 ас қасық
  • Крахмал - 1 шай қасық
  • Сары май - 1 шай қасық
  • Ванилин, лимон цедрасы.

Салмасы:
  • Құлпынай - 500гр.

Ұнды қамыр қопыстқышпен араластырып елейміз.
Сары майды тураймыз.
Тарт қамырында да, кремінде де жұмыртқаның сарысы ғана алынған, сондықтан ағы босқа кетпес үшін безе немесе ақуыздық омлет жасауға болады. Рецептерін жақында күтіңіздер.
Сары май мен қантты миксермен (қол миксерімен де араластыруға болады) араластырамыз. 1-2 минуттай араластырамыз.
Жұмыртқаның екі сарысын саламыз.
Жұмыртқа біркелкі араласқаннан кейін еленген ұнды салып, қамыр илейміз. Бұл жерде қолмен де илей беруге болады.
Қамырды жарты сағатқа тоңазытқышқа қоямыз.
Қамырды тоңазытқыштан алып, жаямыз да қалыпқа саламыз. Қамырдың үстінен пергамент қағазын жаямыз, оның үстіне асбұршақ немесе бұршақ салып пісіреміз. Сонда асты көтеріліп кетпейді. 
Классикалық патисьер рецепті бойынша жасалған крем (Сілтеме сәл жоғарыда бар). Алдыңғы рецепте берілмеген, бірақ осы жолы лимон цедрасын костым.
Тарт дайын болғаннан кейін, суытамыз, үстіне кремді құямыз.

Құлпынайды көлеміне қарай сұрыптап алыңыз, сонда шеңберлері біркелкі шығады. Құлпынайларды ортасынан екі бөлеміз. Ең үлкендерінен бастаймыз. Солай ортасына қарай шеңберлеп тізіп шығамыз.
Оңай, дәмді әрі пайдалы тарт дайын болды.

Құлпынай қосылған тарт
Құлпынай қосылған тарт

Астарыңыз дәмді болсын!



Басқа да жазбаларды оқи отырыңыз:

Қозықұйрықтан жасалған кілегейлі сорпа
Қатпарлы қамырдан жасалған раушангүл

Көкөністер құрамындағы нитраттарды қалай азайтуға болады

Комментариев нет:

Отправить комментарий