среда, 4 июня 2014 г.

Мидия және кальмар қосылған паста

Бүгінгі мәзірде дастарханда ерекше көрінетін тағам - теңіз өнімдері қосылған паста. Осындай дәмді тағамды дайындауға бар болғаны 15-20 минут қана керек.

Қазір түрлі теңіз өнімдерін қаланың ірі супермаркеттерінен еш қиындықсыз табуға болады. Олар мұздатылған түрінде сатылады. Мидиялар жақтауларында (в створках) және тазаланған, яғни мидия еті деп сатылады. Қатырылған күйінде мидияның жақтаулары жабық тұрады. Піскенде біртіндеп ашылады. Кейде ашылмай қалғандары да болады. Ондайларын асқа қолданбайды.

Шикі мидия

Піскен мидия

Мидияны бумасындағы нұсқаулығына қарай пісіресіз. Кейбіреулерінде  "Өз сөлінде. Пайдалануға дайын" деген жазуы болады және ерітпей бірден мұзымен пісіре береді деп жазылған болады. Бірақ оған қарамастан ерітіп алған жөн. Тіпті жуып жіберген дұрыс. Өйткені ерігенде аздап құм шығады жақтауларынан.

Кальмар да, мидия сияқты мұздатылған түрінде сатылады. Сақина тәріздес (туралған түрінде) немесе бүтіндей.
Кальмар сақиналары

Осы тамақты әзірлеуде мидияның да, кальмардың да кез-келгені жарайды, тек мидияны жақтауларымен алсаңыз, тағам ерекше әдемі көрінеді.
Теңіз өнімдерін пісіргенде ең бастысы көп пісіріп жібермеу керек, ондай жағдайда ол одан сайын қатты болып кетеді.
Тағамды әзірлеуде паста мен теңіз өнімдері бір уақытта піскені дұрыс. Пастаны аль-денте (итал. - al dente) пісіру керек (ортасы сәл шикілеу болу керек).

Құрамы:

  • Мидия - 450 гр. (қатырылған 1 бума)
  • Кальмар - 200 гр.
  • Жарты лимонның шырыны
  • Сарымсақ - 2 түйір 
  • Зәйтүн майы - 2 ас қасық
  • Ақжелкен
  • Паста (спагетти/лингвини) - 150 гр.

Теңіз өнімдері қосылған пастаның дайындалу тәсілі:

Қызып тұрған табаға зәйтүн майын құйып, қызғаннан кейін туралған сарымсақты саламыз. Аздап қуырамыз (иісі шыққанша), қызарып күйіп кетпеу керек, өйткені сарымсақ күйсе, ащы дәм шығып тұрады.
Екінші ыдысқа су қайнатып қоямыз (пастаға).
Мидияларды саламыз. 

Су қайнаса, спагеттиді пісіре береміз.
Пісе бастағанда мидияның жақтаулары ашылады. Аздап су немесе тауық етінің сорпасын құямыз (80-100 мл). Қақпағын жаппай 3-4 минут пісіреміз.
Кальмарды саламыз, қайнағаннан кейін отты азайтып, қақпағын жабамыз. Солай тағы 4-5 минуттай пісіреміз. Сол кезде спагетти де дайын болу керек (аль денте болу керектігін ұмытпаңыз).
Лимон шырынын сығып аламыз.
Теңіз өнімдеріне лимон шырынын құямыз, араластырып, үстіне пастаны түсіріп аламыз. Пастаны суық сумен шаймаңыз. Паста салынған бетте отты өшіреміз. Барлығын жақсылап араластырамыз. Сонда спагеттиге теңіз өнімдерінің дәмі сіңеді.
Осымен тағамымыз дайын, бірден дастарханға ұсына бересіз. Үстіне аздап ақжелкен себеміз.


Астарыңыз дәмді болсын!



Теңіз өнімдерінен жасалған басқа да тағамдар:


 Кілегейлі тұздықта піскен теңіз ирекшелері

Комментариев нет:

Отправить комментарий