понедельник, 29 декабря 2014 г.

Прага торты


Бұл торттың рецепті ресейлік фуд-блогер Ирина Чадееваның "Выпечка по ГОСТу" кітабынан алынды. Кітап қолыма тускелі 1-2 ай болды, бірақ қай торттан бастасам екен деп, көп ойландым. Шоколадты жаным сүйетіндіктен, шоколадты торттан бастадым.

"Выпечка по ГОСТу" кітабында кішкентайымыздан есімізде қалған, кеңестік кезеңнің тәттілерінің рецепттері жинақталған. Бірақ дәл осы тортты жеп көрмегем ба, әйтеуір есімде жоқ. Прага тортын таңдауға тағы бір себеп болды.
Кеңестің заман азық-түлік дүкендеріндегі ассортименті қаншалықты қарапайым болса, сол кездің тағамдарының құрамы да соншалық қарапайым. Сондықтан бұл торт ингредиенттерің еш қиындықсыз үйдің маңайындағы дүкеннен тауып аласыз. Бірақ жасалу жолы, сондай оңай деп айта алмаймын.
Тортты пісіретін формамның диаметрі сәл кішірек (18 см) болғандықтан, бисквитті екі бөліп істедім. Қамырдың барлығын бірден араластырмау керек. Ондай жағдайда бисквит отырып қалады. Бисквит құрамындағы тағамдардың тура жартысын алып, дәл пісірерде ғана араластыру керек. Және әр бисквитті піскеннен кейін ортасынан бөлдім, сонда жалпы саны 4 корж шығады.
Формаңыздың диаметрі 18 см-ден көп болса, бір бисквит қылып пісіресіз. Бірақ ондай жағдайда 3 коржға бөлуге болады.
Кез-келген бисквитті пісірер алдында пешті қыздырып, қалыпқа пергамент қағазын жайып дайындап қою керек. Сонда қамырды араластырып болғанда, бірден қалыпқа құйып, пешке пісіре қоясыз. Нәтижесінде бисквит отырмай, өте жеңіл шығады.

Прага тортының құрамы:

Бисквитіне (2 бисквитке):
  • Жұмыртқа - 6 дана,
  • Қант - 1 стақан,
  • Сары май - 80 гр.,
  • Какао - 3 ас қасық,
  • Ұн - 3/4 стақан (115 гр.).

Креміне:
  • Жұмыртқаның сарысы - 2 дана,
  • Су - 30 мл,
  • Қоюлатылған сүт - 200 гр.,
  • Сары май - 200 гр.,
  • Какао - 2-3 ас қасық,
  • Ванилин.

Ганашына (глазурь):
  • Шоколад - 80 гр,
  • Сары май - 2 ас қасық (40 гр.).

Прага тортының жасалуы:

Жұмыртқаның ағы мен сарысын ажыратамыз, екі бөлек ыдысқа құямыз,
Алдымен жұмыртқаның сарысын қанттың жартысымен ағарып, қоюланғанша көпіртеміз. Екінші ыдыста жұмыртқаның ағын аппак қою масса болғанша көпіртеміз.
Біртіндеп екі массаны біріктіреміз,
Ұн мен какаоны елейміз.
Жұмыртқалы массаға аздап салып, қасықпен араластырамыз. !Осы кезде миксер қолданбаңыз.
Барлық ұн біркелкі араласқаннан кейін ерітілген сары майды құямыз. Май қатты ысып кетсе, сәл суытып құю керек.
Дайын формаға қамырды құйып, 190°С-та қызып тұрған пешке 30 минутқа қоямыз.
Піскенін ағаш таяқшамен тексеруге болады. Піскен бисквиттен таяқша құрғақ шығады. Пешті өшіріп, есігін сәл ашып қоясыз. 10 минуттан кейін форманы пештен алып суытасыз. Тағы 10-15 минуттан кейін ақырын формадан алып шығасыз.
Енді екінші бисквитті де дәл солай пісіреміз. 
Бисквиттер әбден суығаннан кейін ортасын ұзын пышақпен екі бөлеміз. Крем дайындағанша бисквит кеуіп қалу мүмкін, сол себепті бисквиттерді пакетке салып қойған жөн.
Енді кремін дайындаймыз. Жұмыртқаның сарысы, су, ванилин және қоюлатылған сүтті баяу отқа қойып, қайнағанша үнемі араластырып тұрамыз. Қоюланған кезде отты өшіреміз, суытып қоямыз.
Жұмсақтау сары майды миксермен қатты араластырамыз. Сары май одан да ағара түсу керек. Сары майға суыған піскен кремді құйып, тағы миксермен араластырамыз. 
Какаоны елеп саламыз, біркелкі болғанша тағы араластыру керек.
Әр қабатына кремді жағамыз. Тортты тоңазытқышқа қоямыз.
Енді ганаш әзірлейміз, Ол үшін сары май мен шоколадты микротолқынды пеште ерітеміз. Торттың бетіне құямыз. Тоңазытқышқа тағы бір екі сағатқа қоямыз.

Осымен тортымыз дайын.



Комментариев нет:

Отправить комментарий