суббота, 26 апреля 2014 г.

Балаға оқуды ойын түрінде үйретеміз

Бұрын ойлайтынмын, балаға тым ерте әріп танудың еш қажеттілігі жоқ, уақыты келгенде, мектепке барарда ақырындап үйренеді деп. Балалық шағын барынша ойынмен өткізу керек деп.  Бірақ соған қарамастан, үлкен ұлым 4,5 жаста жүгіртіп оқып үйреніп алыпты. Иә, дәл солай, өзі үйреніп алды. Қалай үйренгені жайлы айтып кетейін...
Үйде кешке жақын демалып отырғанда баламның буындап оқып отырғанын естігенде өзім таң қалдым. Бірде-бір әріпті білмей оқып кетті демеймін, әрине. Күні-түні әріп жаттадық деп те айта алмаймын. Бірақ, әріптердің барлығын білді және тек қана жеке жеке айта алатын, бірақ дәл осылай оқып кететінін күтпедім.   
Қалай тез үйреніп алғанын сол кезден ойланып, сараптап, біраз қорытындыға келдім.

Сонымен, балаларды оқуға қалай тез үйретуге болады?

Біріншіден...
Өзі сурет салғанды керемет жақсы көреді. Қағазы мен қарандаштары қолынан түспейді. Арасында үйдегі үлкендерге де салғызады сүреттерін. Сөйтіп, 4 жасынан бастап бір сурет салған сайын жанына атауларын жазып отырдық. Мысалы:
 мектепалды даярлық
Солай көптеген сөздерге көру есі (зрительная память) қалыптасты. Қандай әріптер бар екенін айта алмайды, яғни жеке-жеке әріптерді танымайды, бірақ сөзге қарап не жазылып тұрғанын анық айтатын болды. Жақын туыстарының аттарын да солай жаттап алды.

Екіншіден...
Әріптері және буындары бар қағаздан жасалған карточкалар жасадық. Олармен қарапайым сөздер құрастырдық. Мысалы, «А» әрпі мен «ТА» буыны бар карточкадан «АТА» сөзін жазды.
Тағы басқа көптеген сөздер құрастырып беруге болады. Баланы жалықтырып алмау үшін бір ретке 2-3 сөз жетіп жатыр. Кейін өзі де сұрайды. Және уақыт өте келе сөздерді қиындата береміз. Бірден карточкаларды өзіміз тізе салмаймыз. Мысалға, "КІТАП сөзін жазайық, маған К әрпін тауып берші", - дегендей, баланың өзін міндетті түрде қатыстырып отырамыз.

Үшіншіден...
Бүл пункт тек қана баланың өзімен жүзеге асырылады. Баламның өзі ойлап тапқан әдістемесі десе де болады)). Кез келген кітап бетіндегі, ойыншықтардың сыртындағы немесе затбелгілердегі (этикетка) сөздерді көшіріп жазады, сосын келіп не жазылып тұрғанын сұрайды, сөйтіп бірнеше қайтара жазады. Оны да жаттап алады. Ең жақсы көретіні тәтесі сыйлаған «Кішкентай математик» деген кітаптың атауы болды. Жазатын қағаздарының қайсысын алып қалсаң болды,  «Кішкентай математик», «Кішкентай математик» деп жазылған болды. ))

Бұның бәрі ойын түрінде болған нәрсе және тек қана баланың терең қызығушылығымен. Өйткені, баланың қалауынан тыс оған зорлап ешнәрсе үйрете алмайсың.
Әрине, баланы оқуға оңай әрі тез үйретудің практикалық қарапайым болсын, ғылыми болсын әртүрлі әдістемелері ғаламтор беттерінде өте көп қазір. Оның ешқайсысын көрген жоқпыз (5 жасқа толғаннан кейін бірақ бастаймыз деп жүргенбіз). Бірақ жазып кеткен әдісті тәжірибе жүзінде өзіміз жасақтадық десек те болады. Бұл ең тез әдіс, бала екі айдың ішінде оқып кетеді демеймін, дегенмен, ойын түрінде, баланы шаршатпай, өзің де шаршамай баланы оқып үйрететін бірден бір әдіс.

Балаларыңыз Сіздерді қуанта берсін!!!

Сіздердің басқа қандай кеңестеріңіз бар?


Оқи отырыңыздар:

Апайымның кішігірім оранжереясы
Асүйдегі тайм-менеджмент немесе көкөністерден дайындама жасаймыз

1 комментарий: