понедельник, 28 апреля 2014 г.

Гранола


  
Бүгін таңғы ас немесе тіске басар ретінде қолдануға таптырмайтын тағам - гранола әзірлейміз.

Гранола дегеніміз не?

Гранола - құрамында сұлы үлпектері, жаңғақтар және балы бар таңғы ас немесе тіске басар ретінде қолданылатын пайдалы тағам түрі. Гранолаға мейіз, өрік, құрма да қосуға болады.   
Әдеттегі пайдаланғаннан басқа, белсенді демалыспен немесе спортпен шұғылданатын адамдар жақсы көреді бұл граноланы. Мысалы, табиғат аясына шыққанда, өйткені граноланың салмағы аз, көп орын алмайды, тез бұзылып кетпейді және өте пайдалы, әрі құнарлы. Граноланы саяхатшының таңғы асы деп те атайды. Сонымен қатар көбіне альпинистер жақсы көреді. Жеңіл тіске басарды жолдорбасына салып алып, тауға өрмелеп жүре береді.


Граноланы қалай және немен жейді?

Ең бірінші, әрине, таңғы асқа таптырмас тамақ. Құнарлығы жоғары және дәрумендер мен микроэлементтерге бай болғандықтан, түске дейін қарныңыз ашпай, күні бойы ағзаңызға құрамындағы дәрумендерді сіңіресіз. Таңғы асқа жылы сүтпен немесе йогуртпен пайдаланған жақсы. Оған қоса жеміс-жидектерді де қосуға болады. Кішкентай балаларға да өте пайдалы. Бірақ аллергиясы бар адамдарға құрамында бал, жаңғақ бар екен ұмытпау керек.
Күні бойы жұмыста жүретін адамдарға немесе оқушы-студенттерге шоколадты батончик тәріздес етіп қатырып алып, өзімен бірге алып жүруге болады.
Тағы бір пайдаланатын жері, әртүрлі кекстерге қосуға болады немесе десерттердің үстін әсемдеуге өте әдемі болады.

Осыншама мақтағаннан кейін граноланы қалай дайындамасқа?!


Граноланың құрамы:

Сұлы үлпектері - 3 стақан 
Жер жаңғағы (арахис) - 1 стақан 
Орман жаңғағы (фундук) - 1 стақан 
Күнжіт - 1/2 стақан
Қоңыр қант - 1/4 стақан
Құрғақ зімбір, даршын, мускат жаңғағы, тұз - пышақтың ұшымен
Бал - 5-6 ас қасық
Зәйтүн майы - 1-2 ас қасық 

Сонымен, граноланың дайындалу тәсілі:


Алдымен пешке жер жаңғағын  және орман жаңғағын 180 °С-та қызып тұрған пешке 10-15 минутқа қоямыз. 

Пеште жаңғақтарымыз дайын болғанша, сұлы үлпектерін, күнжіт, қоңыр қантты, балды, зәйтүн майын және дәмдеуіштерді араласытара береміз.

Жаңғақтар пеште қызып, кебе бастағанда қабықтары алына бастайды, бірден пештен аламыз да, суытып қоямыз. Біраз суығаннан кейін қабықтарын аламыз.

Жер жаңғағын қолмен екі бөліп (екі ортасын ашып), ал орман жаңғағын сәл пышақпен ұсақтап жібереміз. Енді сұлы үлпекті қоспа мен жаңғақтарды араластырамыз. Консистенциясы шамамен чак-чак сияқты болу керек, шамалы жабысып, шамалы үгіліп тұру керек. 

Пештің табасына пергамент қағазын жаямыз. Үстіне граноланы саламыз да, пешке 170 °С-қа 30-35 минутқа қоямыз.

15 минут сайын пештен алып, араластырып отырамыз. Бір жақ жартысын араластырмай-ақ қоюға болады, сосын қатқаннан кейін үлкен кесек-кесек болады. Беті қызара бастағанда пештен шығарамыз. Граноланы суытамыз, сауығанша да 10-15 минут сайын бір жартысын араластырып отыруға болады. Сонда жеке-жеке қатады. Ал екінші жартысы солай-ақ кептіре беруге болады. 

Гранола жабық ыдыста екі апта сақталады. Дайын гранолаға өрік, мейіз, цукат немесе жеміс-жидек қосуға болады.



Осындай таңғы асқа не жетсін...





Граноланы ұсынудың тағы бір нұсқасы

Гранола қосылған балмұздақ
Гранола қосылған балмұздақ

Гранола қосылған балмұздақ
Гранола қосылған балмұздақ
Ең ерекшесі балмұздақпен жеген болар... Жұмсақ суық балмұздақ пен қытырлап тұрған гранола керемет үйлесім тапты. Жаздың ыстық күйінде керемет салқындатқыш десерт.

Астарыңыз дәмді болсын!



Оқи отырыңыз:

Итальянша фрикадельки

Палау

2 комментария: