пятница, 25 апреля 2014 г.

Табака балапаны



Цыпленок табака

Табака балапаны Грузия асханасының тағамы, грузин тілінде «цицила тапака» деп атайды, яғни «тапака» немесе «тапа» сол балапан етін пісіретін ыдыс. Сол өзіміздің таба ғой. Сондықтан бізге оны қазақшалап табанан дегендей, табабалапан дей беруге болады.)))
Табака балапаны тағамының құрамы қарапайым, бірақ дайындалуы жолы және дастарханға ұсыну үлгісі мүлдем ерекше. Қосымша тұздығын дайындаймыз.
Балапаныңыз дайын болса, бастай берейік. Қалған ингредиенттері үйіңізден табылады деп ойлаймын.
Құрамы:
Балапанның тұтас еті 600-800 гр.
Тортасы айырылған май (топленое масло) – 2 ас қасық
Тұз, бұрыш
Тұздығына:
Лимон – 1 дана
Қаймақ – 100 гр.
Сарымсақ – 1 түйір
Аскөк, тұз, бұрыш
Қосымша – еттің үстін жабуға табаның диаметріне сәйкес дөңгелек пішінде кесілген пергамент қағазы керек.
Қазір супермаркеттерде жалпақтап қатырылған дайын балапанның тұтас еттері сатылады (сыртында «Цыпленок табака» деп жазылып тұрады). Салмағы да кішірек (600-800 грамдай), табаға бірден салып пісіргенге ыңғайлы. Дәл соны тапсаңыз тіпті оңай. Ал таппасаңыз балапаныңызды біраз дайындап алу керек. Төсінің бойымен тура кесіп, кітап сияқты ашып алу керек. Етті ас пленкасына салып, ас үйге арналған арнайы балғамен жалпақтау болғанша ұрғылап аламыз.

Табака балапанының дайындалу тәсілі:
Цыпленок табака Балпанның етін жақсылап жуып, сүртіп құрғатамыз. Сары майдың тортасын айырамыз, ол үшін сары майды отқа қыздырып, 5-10 минуттай қайнатамыз. Біраз суығаннан кейін (бірақ қатып қалмау керек) сүзіп аламыз. Негізі Грузия елінің көп тамағы дәл осы тортасы айырылған сары майға пісіріледі.
Цыпленок табака
Сыртына тұз бен бұрыш жағамыз. Табаға майымызды салып, жақсылап қыздырамыз. Қызған табаға балапанды алдымен арқасымен қоямыз. Асты жабыспайтын таба болған жөн.
Цыпленок табака

Үстінен пергамент қағазын жауып, ауыр салмақпен басып қоямыз,шамамен 4-5 кг, бірақ одан көбірек болса тіпті жақсы. Ол үшін диаметрі балапанды толық жауып тұратын ыдысқа су толтырып, үстіне қоюға болады.
Цыпленок табака

Орташа отта алдымен бір жағын 15 минут қуырып, үстіндегі жүкті алып, аударамыз да, екінші жағын тағы дәл солай салмақтың астында 10-15 минуттай қуырамыз. Тым көп уақыт қуырып жібермеңіз, әйтпесе ет құрғап, қатты болып кетеді. Арасында астын қарап отырыңыз. Піскенін тексеру үшін пышақпен ақырын шаншып көріңіз, ішінен мөлдір сорпасы шықса, ет дайын. Қызғылт болып қаны шықса, әлі піспегенін білдіреді.
Цыпленок табака

Етіміз піссе, қағаз майлыққа майын сорғытып аламыз.
Цыпленок табака

Тұздығына қаймаққа сарымсақ пен аскөкті ұсақтап, аздап тұз қосып араластырып балапанның қасына ұсынамыз. Қасына лимонды қоямыз. Балапанды ұсынған кезде үстіне лимонның шырынын құю керек.

Осымен тамағымыз дайын!


Астарыңыз дәмді болсын!




Оқи отырыңыз:

Кивиден сорбе
Кәдіден дәмтатым
Палау

Комментариев нет:

Отправить комментарий