вторник, 8 июля 2014 г.

Сәбізді торт



Сәбізді тәтті пісірмелерге қосатынын көп кездестірмейміз. Піскен сәбізді жақсы көрмейтін адамдардың өзі бұл тортты тамсанып жеп алады. Құрамында сәбіз айтарлықтай көп болғанымен, дәмі қатты білінбейді. Тек тортқа бір ерекше дәм және түс беріп тұрады, оған қоса қамыры құрғақ болмайды, сәл ылғалды болып тұрады.
Gourmania аспаздық блогында торттың рецептері ең көп қаралатын жазбалар болғандықтан, тағы бір торт рецептімен бөлісейін деп едім. Торттардың ішінде соңғысы Наполеон торты болатын. Бүгінгі мәзірде - сәбізді торт.Торттың жасалуы бір қарағанда көп уақыт алатын, жасалуы қиын болып көрінгенімен, еш қиындығы жоқ, оңай жасалатын торт. 

Сәбізді торттың құрамы:


Қамырына:
    • Грек жаңғағы  – 100 гр.,
    • Үгітілген сәбіз - 2 ½ стақан (340 гр),
    • Ұн - 2 стақан,
    • Ас содасы -1 шай қасық, 
    • Қамыр қопсытқыш - 1 1/2 шай қасық,
    • Тұз - 1/2 шай қасық,
    • Жұмыртқа - 4 дана (үлкендері),
    • Қант - 1 стақан, 
    • Өсімдік майы - 150 мл,
    • Даршын, ванилин.
    Креміне:
    • Сүзбелі ірімшік (творожный сыр) - 150 гр.,
    • Сары май - 75 гр.,
    • Қант пудрасы - 100 гр.,
    • Лимон цедрасы.

    Торттың дайындалуы:

    Грек жаңғағын пышақпен тураймыз. Блендермен де үгітуіңізге болады, бірақ тым ұсақ болып кетпесін. 
    Қанттан басқа құрғақ компоненттерді араластырамыз.
    Жұмыртқа мен қантты араластырамыз. Қанты ерігенде майды құямыз. 
    Ұнды біртіндеп салып, араластырамыз.
    Ұн біркелкі араласқаннан кейін сәбізді араластырамыз.
    Жаңғақты саламыз.
    Қамырды екі бөліп пісіреміз. Қалыпқа құямыз да, 180°С-та қызып тұрған пешке 30-35 минутқа қоямыз. 
    Піскенін шимен тексеруге болады. Шиді ортасына тығып көреміз, құрғақ шықса - дайын.
    Сары май, ірімшік және қант пудрасын біркелкі болғанша миксермен араластырамыз.
    Кремге үгітілген лимон цедрасын салып, араластырамыз. Тоңазытқышқа қоямыз.
    Торт не неден жасалғаны түрінен білініп тұру үшін, үстін сәбізмен әсемдейміз. Ол үшін сәбізден тәтті чипстер жасаймыз.
    Ол үшін сәбізден көкөніс аршитын арнайы пышақпен жұқа тілімдер кесіп шығамыз. Қоңыр қантқа малып, 170°С-та қызып тұрған пешке 10-15 минутқа қоямыз. Сәбіздің күйіп кетпеуін, үнемі бақылап отыру керек.
    Екі корж пісіп, суығаннан кейін арасына крем жағып, бетін әсемдейміз.
    Бар болғаны осы! 

    Сәбізді торт
    Сәбізді торт

    Сәбізді торт
    Сәбізді торт



    Оқи отырыңыз:

    Ашыған көже және ашыған бауырсақ
    Дәруменді микс немесе "ғарышкердің таңғы асы"

    Көкөністер құрамындағы нитраттарды қалай азайтуға болады

    Комментариев нет:

    Отправить комментарий