суббота, 27 июня 2015 г.

Кемпірқосақ кәуабі


Жаздың ыстығында ыстық шай көп ішілмегендіктен, торттар да аса көп желінбейді. Барынша жеңіл тәтті жегің келеді. Осындайда жеміс-жидекті кәуап таптырмас десерт. Тек жемістер емес, оған қоса арасында құймақ орамасы бар. Бастысы, ең сүйікті жемістеріңізбен жасай бересіз.

Құрамы:

Құймаққа:
  • Жұмыртқа - 3 дана,
  • Қант - 3 ас қасық,
  • Ұн - 2 стақан,
  • Сүт - 3 стақан,
  • Тұз, қопсытқыш - 1 шымшым,
  • Сұйық май - 2 ас қасық.

Креміне:
  • Кілегейлі ірімшік (Творожный сыр Альметте немесе Хохланд) - 1 құты (1450 гр.),
  • Қант далабы - 2 шай қасық.
  • Лимон цедрасы (қалауыңызға қарай).

  • Түрлі жеміс-жидектер (нектарин (шабдалы), құлпынай, киви),
  • Шоколад - 1/2 плитка,
  • Сүт - 2 шай қасық. 

Жасалу жолы:

Ең алдымен құймақтарды пісіріп аламыз. Ол үшін жұмыртқа, қант, тұз, қопсытқыш және 1 стақан сүтті қанты ерігенше араластырамыз. Кейін ұнды біртіндеп салып, түйіршік қалдырмай араластырамыз. Ұн толық араласқаннан кейін бірақ қалған 2 стақан сүтті құямыз. Ең соңында сұйық майды қосамыз. Табаны қыздырып, қамырымыздан жұқа құймақ пісіріп шығамыз.
Енді кремін жасау үшін ірімшік мен қант далабын, қаласаңыз үгітілген лимон цедрасын да қосып, мұқият араластырамыз.
Құймаққа жұқалап крем жағамыз.
Үстіне тағы бір құймақ салып, оған да крем жағамыз да, тығыздап, орама етіп ораймыз.
Ораманы 2 см-ден кесіп шығамыз. Орамаңыз тығыз оралмаған болса, дұрыс кесілмей қисық-қисық блдып шығады.
Нектариннің сүйегін оңай ажырату үшін, сызығының бойынан айналдыра кесіп шығамыз. Екі бөлігін қарама-қарсы жаққа айналдырғанда бір жағы алынып қалады да, сүйегі екінші жағында қалады. Сүйегі қалған жақты да дәл солай істейміз.
Кивиді аршып, 3*3 см болатындай бөліктерге бөлеміз.
Құлпынайдың шөптерін аламыз.
Шоколадты қысқа толқынды пеште ерітіп, толық ерігеннен кейін бірақ сүтпен араластырамыз.
Арнайы бамбук таяқшасына жеміс-жидектерді және құймақты ораманы кезекпен кіргізіп шығамыз.

Ең соңында кондитерлік қаппен немесе кез-келген пакетке ерітілген шоколадымызды құйып, кішкентай тесік жасап, кәуаптарға құйып шығамыз. Қосымша жалбыз жапырақтарымен  сәндеуге болады. Осымен тәттіміз дайын.


Комментариев нет:

Отправить комментарий